
Шекаралық мәселелер талқыланды
Шекара еліміздің қамалы іспеттес. Осыдан жеті жыл бұрын, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар шекара маңынан Кеген және Райымбек атты екі жаңа аудан құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Ізінше Алматы облысында қос аудан құрылды. Құжатқа сәйкес ауданның әкімшілік орталығы болып Кеген ауылы белгіленді. Бұрын Кегеннің құрамында болған Райымбекте жеке әкімшілік болып бөлінді. Аудан орталығы- Нарынқол ауылы болды. Бүгінде қос аудан бұрынғыдай аумақтық тұтастығын сақтап, жеке-жеке шекаралық аудан болып күн кешуде.
Дегенмен де босағасы бекіп, шекарасы шегенделген аудан тұрғындарының айтар базынасы бар. «Арқа да қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» Себебі, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі жиілеген, шекаралық аймаққа арнайы статус берілсе деген ниетте.
Былтыр Президент: «Бізде 65 шекаралық аудан бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен деңгейде. Бұл аудандардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі нақты шараларды әзірлеу қажет. Басты мақсат-халықтың кетуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру» деген болатын.
Осы орайда аудандық Мәдениет үйінде «Шекаралық аймақтар туралы» арнайы заң жобасын әзірлеу бойынша қоғамдық талқылау жөнінде алқалы жиын өтті. Жиында шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жакупов Ерлан Жұмашұлы жетекшілік етті. Ол Кеген және Нарынқолдағы шекаралық аудандарға бұрынғы мәртебесінің қайтарылуы оң өзгерістерге жол ашқанын атап өтті.
Аймақтарда әлеуметтік-экономикалық жағдай жанданып, инфрақұрылым біртіндеп жаңарып келеді. Отырыста шекаралық аумақтардағы түйткілді мәселелерді шешу жолы да қозғалды.
Кеңес өкілдері аймақтар арасындағы даму алшақтығын қысқарту мәселесіне де назар аударды. Бүгінде инфрақұрылым мен әлеуметтік теңсіздікті жоюға бағытталған жаңа өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленуде.
Мақпал Тұрсынқызы, қоғамдық кеңес мүшесі:
-Шекаралық аймақпен қоса, туризмде қарыштап, дамып келе жатқан аймаққа жатамыз. Сондықтан, бізге жақын арада туристердің жағдайына қарайтын, солардың тілін білетін туризм полициясын құру керек. Екінші мәселе аудандық аурухана да ота жасайтын дәрігерлер жетіспейді, мамандар тапшы,- дей келе елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ағайынның мұң-мұқтажын жеткізді.
-Біздің ұсыныстарымыз жоғары жаққа жетеді деген ниеттеміз. Бірталай нәрсе айтылды. Осы ауданда қаншама халық көшіп кетті, Жалағаш ауылында үлкен 1200 орындық мектеп бар еді, қазір сенсеңіз 157 бала ғана оқып жатыр. Қайда? Бәрі жайлы орын, жақсы жағдай іздеп, кетті. Ендігі мәселе осы қабылданатын заң арқылы ауданға статус беріп, «шекаралық аймақ» деп, халықты қайтадан осы жаққа тарту керек,- деді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Көпжасар.
Алмасбек Нұғыман, аудандық мәслихат төрағасы:
-Бірнеше ауылда орналасқан шекарашылардың негізгі өздерінің отыратын жерлері, біреуі монша болған болса, біреуі бұрын балабақша болған. Сондай жағдайларда шекарамызды күзетіп отырған жағдайы бар. Ал, қалпына келтіру үшін, мұның барлығы заңменен қаралу керек, сондықтан шекарашылардың үймен қамтылуы, жалақы мәселесі, шекара маңындағы қызметкерлер санының көбеюі осы заңға кіру керек деп ойлаймын. Бізде бірнеше өндірістер бар, сол өндірістердің пайдасы ауданда қалу керек, бұл да заңмен бекітілсе. Ауданда қалған жағдайда, өзінің жасаған бас жоспары бойынша, сол қаражатты тиісті деңгейде пайдаланатын болады. Мемлекет тарапынан бағдарламалар жасалынып, ол заңмен бекітіліп, шекаралық аймақта жүн өңдеу, тері өңдеу, әр түрлі дәнді-дақылдарды өңдейтін кәсіпорындарды көптеп салу керек. Себебі, шекаралық аймақ болғаннан кейін, біздің шекарамыздан кірген басқа мемлекет азаматтары бірден біздің кәсіпорындарымызды көргеннен кейінде дамушы мемлекет екендігімізге көз жеткізетін болады,- деді ол.
Оразбай Бекбатыров, қоғамдық кеңес мүшесі:
-Шекараға байланысты көптеген мәселелер көтеріліп жатыр. Кеген ауылы табиғаты өте қатал, теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Яғни, бұғанда заң бар. Жалақыға қосымша үстеме төлеу және зейнет жасына ерте шығу жөнінде қаралған. Осы жағдайларды ескеріп, бір бапқа енгізсеңіздер, заң орындалсын,- дей келе Шырғанақ ауылының көптеген тұрғындары көшіп кеткендігін, халық санының аздығын тілге тиек етті.
-Тұжырымдама болғандықтан бұл біздің бағыт-бағдарымыз, ойымыз. Кез-келген заң жасалардың алдында сол бағыт бойынша тұжырымдама дайындалады, біраз зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Көптеген талқылаулардан өткеннен кейін нақты заң жобасы әзерленіп, заң қабылданады. Бұл мәселелер біз үшін өте өзекті, бірақ шешу шегіне қазір жетіп отыр. Кеген, Райымбек аудандарының бөлінуі мемлекеттік ұстанымдарының бір көрінісі деп айтуға болады. Жұмыс бұл бағытта күшейе берері сөзсіз, ең алдымен әлі де заң жобасы жоқ екен, осы заң жобасы әзірленеді, соған ұсыныстар жинауға келіп отырғанымызды атап өткім келеді. Бұл талқылау жұмыстың алғашқы қадамы, — деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жұмашұлы.
Сондай-ақ, жиын барысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева, аудандық мәслихат депутаты Ерғали Талипов шекаралық ахуалға байланысты өз ойларын білдірсе, ауыл тұрғыны Досым Қоқанаев Қырғызстанмен Қазақстан шекарасындағы қоршауларды жаңарту, Сырт жайлауына баратын жол мәселесін және Қырғызстанға жанар-жағармай тасымалын Кеден арқылы шектеу қойылса деген ұсынысын жеткізді. Себебі, науқан кезінде ауыл тұрғындарына жанар-жағармайдың жетіспейтіндігін алға тартты.
Мұхтар Батырханұлы, аудан әкімінің орынбасары:
-«Шекаралық аймақтар туралы» арнайы заң жобасын әзірлеу біз үшін маңызы бар қадам. Бұл заң еліміздің шекара маңындағы тұрғындардың әл-ауқатын арттырып ғана қоймай, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізін қалыптастырады. Басты міндет-шекарадағы ауылдарымыз тартымды орталықтарға айналуы тиіс. Ауданымызда Қырғызстан Республикасымен шекаралас 21 ауыл бар. Сондықтан алдағы уақытта да бұл бастаманы жан-жақты пысықтап, барлық мүдделі тараптардың пікірін ескеріп, жоғары деңгейде жүзеге асырылуы керек. Шекаралық аймақтардағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету, қауіпсіздікті күшейту және мемлекеттік шекараны тиімді басқару, халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау арқылы көші-қонды тұрақтандыру, шекараның жақын маңында тұратын ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, халықтың жағдайын жақсарту үшін салықтық жеңілдіктер, кәсіпкерлерге гранттар, субсидиялар қарастыру, шекарашылардың материалдық-техникалық базасын нығайту, санитарлық және ветеринарлық бақылау жүйесін күшейту, шетел азаматтарын тіркеу және қозғалысын цифрландыру,-дей келе жиынды қорытындылап, заң жобасына аудан тұрғындарының атынан аталған ұсыныстарды назарға алуды сұрады.
Жиында айтылған ұсыныстар шекаралық аумақтардың даму әлеуетін тиімді пайдалану, көші-қон үдерістерін реттеу, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты механизмдерді қарастыру қажеттігін көрсетті.
Жиын соңында кеңес мүшелері шекара маңындағы аудандардың дамуына ықпал ететін бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Бұл бастамалар әрі қарай пысықталып, тиісті мемлекеттік құрылымдарға жолданбақ.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ
Кеген ауданы