Қоғамдық қауіпсіздік — басты назарда: «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
Қазіргі таңда еліміз бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта 2025 жылғы 14 қыркүйектен бастап Кеген ауданы аумағында «Құқықтық тәртіп» атты жедел-профилактикалық іс-шара бастау алды.

Бұл іс-шара – құқық бұзушылықтармен күресті күшейтуге, құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды науқан. Жедел іс-шара бірнеше бағытты қамтиды: қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстың жолын кесу, іздеудегі адамдарды анықтау, тіркелмеген қару-жарақты тәркілеу, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері учаскелік инспекторлармен, жергілікті әкімдіктермен, білім беру мекемелерімен және қоғам белсенділерімен бірлесе отырып, кешенді түрде жұмыстар жүргізуде. Құқық қорғау органдары күнделікті рейдтер ұйымдастырып, халық көп шоғырланатын аумақтарда бақылауды күшейтті. Сонымен қатар, профилактикалық әңгімелер мен түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде.
Бұл іс-шара барысында құқық қорғау органдары тұрғындардан құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін белсенді азаматтық ұстаным танытуды сұрайды. Тұрғындар заңсыз әрекеттер немесе күдік туғызатын жағдайлар туралы 102 нөміріне хабарласып немесе учаскелік полиция инспекторына тікелей жүгіну арқылы қоғам қауіпсіздігіне үлес қоса алатынын ескертеміз. Аудан көлемінде өткізіліп жатқан бұл іс-шара құқықтық тәртіпті күшейтіп қана қоймай, қоғамдық тыныштықты сақтау жолында нақты нәтижелер береді деп күтілуде.

«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы — бұл құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы нақты әрі маңызды қадам. Қоғамда тәртіп пен қауіпсіздік сақталуы — әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпайық.