Ата Заң- ел тірегі
1991 жылдың желтоқсанында тәуелсіздігін жариялаған қазақ жұрты үшін 1995 жылдың 30 тамызында заң жүзінде азаттығын айғақтайтын, мәртебесін айшықтайтын құжаты қабылданды. Бұл күн- ел болмысының тамырына қан жүгіртіп, келешекке көз тігуге мүмкіндік берген ұлы меженің бастауы еді. Міне, содан бері 30 жыл уақыт өтті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесіне орай, аудандық Белсенді өмір сүру орталығымен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Конституция-болашаққа бағыт» атты танымдық шара өтті.

Мақсаты Ата Заңымыздың маңызы, нені айқындайды, нені қорғайтын құжат туралы түсінікті арттыру жастарға заң туралы мағлұматты жетік білуге үйрету, кез келген жағдайда азаматтың қорғайтын, құқығы мен еркіндігін айқындайтынын меңгерту, ұрпақтар сабақтастығын жетілдіру. Жастарға Ата Заңымыздың маңызын түсіндіру, оның қоғамдағы рөлін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қалай қорғайтынын кеңінен насихаттау.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының үлкен залында өткен іс шараға аудандық соттың аға сот приставы Қарлығаш Бірлесбекқызы, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Дархан Сарыбаев, «Белсенді ұзақ өмір орталығы» филиалының кеңесшісі, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Демежанқызы, филилал қызметкерлері, жастар ісі жөніндегі нұсқаушылармен ауыл жастары қатысты.
-Конституция- еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін басты құжат. Осы айтулы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз!-деген жүргізуші арнайы қатысып отырған құрметті қонақтармен таныстырып өтті. Одан соң, Мемлекеттік Әнұран шырқалды.
Іс-шараның бірінші бөлімінде Конституция туралы заңгерлермен конституцияның ел болашағы үшін маңызы, жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалай дамытуға болатыны, әр азамат өз құқығын қорғаудағы әрекеті, Конституцияның қоғам өміріндегі рөлі, құқықтық мәдениеттің маңызы және азаматтық жауапкершілік жайлы пікір алмасу өтті. Екінші бөлімде қатысушылардан «Әділет» және «Тәуелсіздік» топтары құрылып, «Білесіз бе?» атты викториналық сұрақтарға жауап берді. Соңғы бөлімде Конституция туралы білімді тексеретін қызықты сұрақ-жауап «Дұрыс, бұрыс» ойыны өткізіліп, дұрыс жауап берген командаға ұпай берілді. Сонымен бірге, халқымыздың даналығына толы, тәрбиелік мәні зор мақал— мәтелдердің жалғасын табу ойынымен қорытынды жасалып, «Әділет» тобы бірінші орынға, «Тәуелсіздік» тобы екінші орынға ие болды. Жеңімпаз топ пен ерекше белсенділік танытып, үздік жауап берген қатысушыларға Алғыс хаттармен естелік сыйлықтарды заңгер Дархан Сарыбаев, аға сот приставы Қарлығаш Бірлесбекқыз, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева табыс етті.
Шара соңында Белсенді өмір сүру орталығының музыка пәнінен тәлім алушылары Отанға деген сүйіспеншіліктерін әнмен жеткізіп, шағын концерттік бағдарламасына ұласты.

Осылайша, еліміздің құқықтық негізі- Конституцияны құрметтеумен насихаттауға арналған маңызды іс-шара өз мәресіне жетіп, шақырылған қонақтар шараның өз деңгейінде өткеніне ризашылықтарын білдіріп, тарқасты.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ