Жақсының жақсылығын айт

Қазақ халқы ежелден ата-баба рухын қастерлеп, марқұмдарға құран бағыштап, ас беру дәстүрін ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Бұл үрдіс халқымыздың рухани мәдениетінің, сыйластық пен бауырмалдықтың айқын көрінісі. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген нақыл осы дәстүрдің мәнін терең ашады. Сол дәстүрді қастерлеген Кеген ауылының қазақ орта мектебінің 1982 жылдың түлектері бақилық болған сыныптас-бауырларымен ұстаздарының рухына бағыштап ас берді. Соңғы жылдары өмірден өткен сыныптастарды еске алып, олардың рухына тағзым ету дәстүрі кеңінен қалыптасып келеді. Бұл шара — мектеп қабырғасындағы достықтың жылдар бойы үзілмей, құрметке айналғанының белгісі. Сыныптастардың бас қосып, бірге оқыған күндерді еске алуы, марқұмдардың жарқын бейнесін жаңғыртуы – үлкен сауапты іс әрі рухани сабақтастықты дәріптеу. Бұл шара тек құран бағыштау ғана емес 1982 жылғы түлектердің ұстаздарға деген құрметін артыру үрдісін жаңартуға да үлес қосты. Түлектер атынан арнайы төсбелгі дайындап, ардақты ұстаздарды марапаттап, қошемет көрсетті. Ұстазды ардақтау — адамзаттың рухани кемелденуінің, мәдениеті мен өркениетінің көрінісі. Ұстаз — тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар тұлға қалыптастырушы, жүрекке сәуле түсіріп, санаға шырақ жаққан шамшырақ іспетті. Оның еңбегі көзге көрінбесе де, ел ертеңінің іргетасы сол еңбектің нәтижесінде қаланады. Қаланған іргетастың негізі осы – рухани сабақтастық. 1982 жылғы түлектердің рухани сабақтастықты дәріптеудегі тағы бір дәлелі: жергілікті жақсылық пен мейірімнің жаршысы «Жерұйық» Кеген жастары ұйымына болашақ жұмыстарына демеушілік ниетте қаржылай көмек көрсетіп, басқаларға өнегелік ой салған болатын.

«Жақсының жақсылын айт, нұры тасысын» деген дана халқымыз. Мұндай шаралар ұрпаққа өнеге болып, достықтың қадірін арттырады. Рухани мәдениетімізді сақтап, өткенімізге құрметпен қарау – болашаққа жол ашатын ұстаным. Әрбір еске алу жиыны – бір-бірімізге мейірім мен бауырмалдық сыйлайтын, ата-бабамыздан жеткен асыл дәстүрдің жалғасы. Кеше мен бүгінді, өткен мен келешекті жалғайтын рухани сабақтастық бар кезде, ұлттың да аты өшпес.

Мақпал Шадан

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Предыдущая запись Екі елдің ынтымақтастық көпірі
Следующая запись Ата Заң- ел тірегі