
Қайырымдылық- қайырлы іс
Дана халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ертеден келе жатқан тәмсіл бар. Қайырымдылық жасау-адам бойындағы ең ізгі қасиеттің бірі.
Сондай игі бастаманы негізге ала отырып, облыстық және аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық іс шарасының куәсі болдық. Осы жолы олар Бөлексаз ауылында тұратын жалғызбасты ана Ұлбосын Әутәлипова апамыздың жағдайына бей-жай қарай алмай, көмек қолын созып, тегін азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Мақсаты: жас ұрпақтың бойына үлкенді құрметтеуді, көмек қолын созған әр жанға қолдан келгенше көмек көрсетуді, адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыта отырып, жастарды жақсылық жасауға баулу.
Іс шараға Бөлексаз ауылының әкімі Серік Құныпияев, облыстық жастар ресурстық орталығының «Жастар бастамаларын қолдау және волонтерлікті дамыту» бөлімінің басшысы Әкежан Қабдолдаев, «Жетісу жастары ұйымының конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Ауданбаев және ауданның ерікті жастары қатысты.
Ерікті жастар қарт апаның үйіне барып, ауласын ретке келтіру үшін бірлесіп күш жұмсады. Ауладағы шөптерді шауып, күл-қоқыстарын тазалап, айналаны абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Үйдің ішін де жинап, тұрмыстық жағдайын жақсартуға ат салысты. Бұдан бөлек, еріктілер үйдің сыртқы келбетіне де көңіл бөліп, ақтау мен сырлау жұмыстарын атқарды. Еңбектері нәтижесінде Ұлбосын апамыздың шаңырағы бұрынғыдан да жарық, таза әрі жылы күйге енді.
-Көмек берген ерікті жастарға рақмет. Себебі, аула жұмыстарымен айналысуға менің денсаулығым жарамайды. Игі жұмыс жолында жүрген осындай жастарымыз көбейе берсін,-деді зейнеткер.Үйінде жалғыз тұрып жатқан қарт апамыз аула жұмыстарына әлі келмейтінін айтты. Уақытын бөліп келген жастардың бұндай ісіне риза болып, ақ батасын беріп, жастармен мақтанатынын жеткізді. Оның жарқын күлкісі мен қуанышты жүзін көру- атқарылған еңбектің ең үлкен сыйы еді.
Бұл игі бастама еріктілердің қоғамға деген жанашырлық пен мейірімін көрсетіп қана қоймай, ауыл тұрғындарына үлгі болды. Олар бірліктің, жанашырлықтың және өзара көмектің ұлы қасиеттер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
-«Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» демекші, еріктілер құрылған күннен бастап игі істерді атқарып келе жатыр. Қазіргі таңда жыл басынан жоспар бойынша жұмыс жасап келеміз. Мысалы, жалғыз басты қарттарға, ардагерлерге көмектесу. Бұл дегеніміз аула тазалау, үй-ішін әктеу жұмыстары. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға демеушілер көмегі арқылы қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету. Ерікті болып жұмыс жасап, әр жанның ыстық ықыласына бөленіп, алғыстарына ие болып жүргеніміз біз үшін мақтаныш,- дейді «Жастар бастамаларын қолдау және волонтерлікті дамыту» бөлімінің басшысы Әкежан Қабдолдаев.
Серік Құныпияев, Бөлексаз ауылының әкімі:
-Аудан жастарының жақсылықтың жаршысы болып, көпке үлгі болып жүргендері адам жанына жылулық сыйлайды. Қай кезде де көмек қолын созуға дайын тұрады. Ерікті жастардың жасаған қайырымдылық іс-шаралары өскелең ұрпаққа үлгі,- деді ол.
Осылайша, еріктілердің ізгі істері-жүрекке жылу сыйлайды. Жастар орталығы бұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатындықтарын жеткізді.
Иә, ерікті жастар қоғам үшін маңызды рөл атқарады. Олардың атқарып жатқан әрбір ісі халық игілігі үшін орындалуда. Сондықтан да жақсылықтың жаршысы болуға ат салысайық.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ