Ғасыр жасаған әже Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады
Ел өміріндегі маңызды саяси оқиғалардың бірі – Құрылтай сайлауы бүгін еліміздің барлық өңірінде қызу жүріп жатыр. Осы ерекше күні әрбір азамат өз үнін қосып, болашаққа деген сенімін дауыс арқылы білдіруде. Осындай жанашыр азаматтардың бірі – Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны, Тыл ардагері, ғасырлық ғұмыр иесі, 104 жастағы Күлпара Шортанова.
Соғыс жылдарының ауыртпалығын өз көзімен көрген, тыл еңбегімен елге қызмет еткен қарт ана бүгін де азаматтық парызын өтеуден бас тартпады. Ғасырға жуық өмір жолында небір тарихи кезеңдердің куәсі болған әже ел болашағына бейжай қарамай, сайлау учаскесіне арнайы келіп, өз таңдауын жасады. Оның бұл қадамы – жай ғана дауыс беру емес, ұрпаққа деген адал сенім мен елі үшін алаңдаушылықтың нақты көрінісі.
Ғасыр куәсі болған ақ жаулықты ананың бұл қадамы – жас ұрпаққа үлгі, ел тағдырына деген жауапкершіліктің айқын дәлелі. «Немере-шөберелерімнің болашағы үшін» деп, өз үнін қосқан абзал ана азаматтық ұстанымымен көпшілікке өнеге көрсетті. Мұндай терең патриоттық сезім, ел тағдырына деген жанашырлық – кез келген ұрпаққа тағылым.
Ерекше атап өтерлігі – бұл жолы дауыс беру рәсімі бір отбасы үшін нағыз ұрпақтар кездесуіне айналды. Ұзынбұлақ ауылындағы №573 сайлау учаскесіне бір әулеттің төрт буынының өкілдері бірге келді. 104 жастағы Күлпара Шортанова, оның 86 жастағы ұлы Марат, 51 жастағы немересі Олжас, 26 жастағы немересі Бейбіт және 19 жастағы шөбересі Бақтияр – барлығы қатар тұрып, өз таңдауларын жасады.

Бір шаңырақтан шыққан төрт ұрпақтың бір мезгілде сайлау учаскесінде тізілуі – отбасылық құндылықтардың, ел бірлігі мен сабақтастықтың нақты бейнесі. Ұлы бабалар өткен жол, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жауапкершілік – міне, осы бір көрініс арқылы көзге көрінді.
Мұндай мысалдар – еліміздің әр азаматының, жасына қарамастан, ел болашағына бей-жай қарай алмайтынының, әрбір дауыстың маңызды екенінің айғағы.
Мақпал Шадан