Сөрелердегі жаңа өмір
«Кітап оқитын ұлт» бастамасы Кеген өңіріне қандай жаңашылдық әкелмек?
Алматы облысы бойынша «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы аясында оқырмандар санын 100 мыңға жеткізу мақсаты көзделіп, мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы өте қарқынды қатысуда. Бұл облыстық жоспардан Кеген ауданы да тыс қалмай, жергілікті білім беру мекемелері мен кітапханалар тұрғындарды марафонға белсенді тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ауылдық жерлердегі оқырмандар үшін қазіргі таңда заманауи мүмкіндіктер ашылған. Алматы облысында орнатылған 786 KazNEB QR-кодтары мен Яндекс Кітаптар платформасының виртуалды базасы Кеген ауданының тұрғындары үшін қолжетімді. Бұл цифрлық бастама ауыл оқырмандарына 250 мыңнан астам кітап пен электронды ресурсқа тегін әрі кедергісіз қол жеткізуге жағдай жасап отыр.
Осы орайда, аудан тұрғындары, мұғалімдер мен оқушылар марафонға жекелей немесе отбасы атынан қатысу үшін «Кітап оқитын ұлт» ресми порталында әлі де тіркелу мүмкіндігіне ие.
Аталған жоба аясында Кеген ауданындағы кітапханалар жүйесінде бірқатар маңызды оң өзгерістер орын алмақ. Олар:
- Кеген, Жаланаш, Саты, Ұзынбұлақ сияқты ауылдық округтердегі мектеп оқушылары мен жастар кітапханаға жиі келе бастады. Бұрын гаджетке байланған ауыл ұлдары үшін кітапхана достармен жүздесіп, интеллектуалды ой жарыстыратын ортаға айналады.
- Жоба аясында аудандық орталық кітапхана мен ауылдық филиалдарда шағын талқылау бұрыштары, пікірталас клубтары ашылды. Ұлдар бұл жерде тек кітап оқып қоймай, жергілікті өлкетану, тарих және заманауи технологиялар туралы ой бөлісетін болмақ.
- Жоба шеңберінде классикалық әдебиетпен қатар, Хан Тәңірі өңірінің тарихы, Бұғыты, Қарқара көтерілісі, өңірден шыққан батырлар мен ақын-жазушылардың туындыларына деген сұраныс артады. Бұл ұлдардың бойында отаншылдық пен рухты қалыптастыруға жол ашпақ.
- Жобаның нәтижесінде аудандық кітапханалар жүйесі заманауи мотивациялық әдебиеттермен, қазақшаға аударылған әлемдік бестселлерлермен, тұлғалық даму және кәсіпкерлікке баулитын кітаптармен толықтырылды.
- Аудан мектептеріндегі «Оқуға құштар мектеп» жобасымен ұштасып, ұлдар арасында оқу сайыстары, «Ең көп кітап оқыған ұл» номинациялары өтіп, кітап оқу мәртебелі іске айналатынына сенімдіміз.
Жобаға дейін ауылдық кітапханаларға келушілердің басым бөлігін бастауыш сынып оқушылары мен қыздар құраса, кейін жасөспірім ұлдардың үлесі 50 пайызға жетті. Дәстүрлі көрмелер мен баяндамалардың орнын сұхбат-батлдар, подкаст форматындағы кездесулер мен кітап челлендждері баспақшы. Бұл әр ауылдың өзінде ғана шектеліп келген жастардың басын біріктіріп, аудан деңгейіндегі кітап сүйер ұлдар қауымдастығын қалыптастырады.
«Сөрелердегі жаңа өмір» — бұл Кеген ауданының кітапханаларына соны серпін беріп, шаң басқан кітаптарды қайта сөйлеткен, таулы өлке жастарының көкірек көзін ашып, білімге бағыттаған жемісті жоба болды.
Кітап — ешқашан ескірмейтін құндылық. Ал «Кітап оқитын ұлт» жобасы дәл осы қарапайым ақиқатты Кеген секілді таулы өлкенің түкпіріне дейін жеткізіп отыр. Бүгін қолына планшеттің орнына кітап алған әр бала — ертең өз ауылының, өз елінің тарихын білетін, рухы биік азамат болып қалыптасады. Ал бұл — жай ғана оқу науқаны емес, болашақ ұрпақтың рухани тұғырын қалайтын үлкен инвестиция.
Гүлзира Рахимбаева
Кеген аудандық кітапханасының кітапханашысы