1,3 миллиард теңгенің шикілігі: Қонаевтағы саябақ абаттандыруда ірі заңбұзушылық әшкереленді

Алматы облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген электрондық тексеріс қорытындысында Қонаев қаласындағы «Кроссфит» саябағын абаттандыру жобасынан қомақты қаржылық бұзушылықтар әшкереленген болатын. Тексеру нысаны болған қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің 2023 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы қыркүйек аралығындағы қызметін сараптаған аудиторлар бюджет қаражатының жұмсалуында орасан зор олқылықтар бар екенін ашық көрсетті.

Аудиторлық тексеру нәтижесінде тіркелген қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде 209,1 миллион теңгесі бюджетке кері қайтарылуға тиіс болса, қалған 1 миллиард 114,3 миллион теңгесі қаржылық есептілік пен құжаттарды қалпына келтіруге жатады. Тексеріс барысында мемлекеттік қаражат есебінен жобаның сметалық құнын айқындау кезінде баға белгілеу бойынша нормативтік құжаттардың бұзылғаны, бұрын бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға тиісті ережелерді сақтамай түзетулер енгізілгені белгілі болды. Оған қоса, саябақты пайдалануға қабылдау актісіне 2025 жылдың наурызында заңсыз қайта қол қойылғаны анықталған.

Қаржылық есептілікті жүргізуде де үлкен шикіліктерге жол беріліпті. Атап айтқанда, объектінің 1,1 миллиард теңгелік құны аяқталмаған құрылыс шотында жинақталмай, саябақтың бастапқы баланстық құны дұрыс қалыптаспаған. Тіпті Азаматтық кодекс талаптары бұзылып, саябақтың сметалық құны 209,1 миллион теңгеге негізсіз өсіріп көрсетілген.

Бұл жағдай жергілікті шенеуніктердің инвестициялық жобаларды жоспарлау мен іске асыруда ішкі бақылауды босаңсытып алғанын, сондай-ақ сәулет, құрылыс және бухгалтерлік есеп саласындағы заңдылықтардың сақталуына тиісті дәрежеде бақылау жүргізетін қауқары болмағанын айғақтайды.

Аудит департаменті бұзушылықтарды жою мақсатында негізсіз төленген 209,1 миллион теңгені бюджетке қайтаруды, есептілікті 1 миллиард 114,3 миллион теңгеге түзетіп, саябақты негізгі құралдар құрамына дұрыс қабылдауды, сондай-ақ бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды талап етіп, аудит нысанына ресми нұсқама жолдады.

*Фото ЖИ арқылы жасалған

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Предыдущая запись Қағаздағы оқушылар мен заңсыз миллиондар
Следующая запись Алматы облысында 78,7 млрд теңгеге бағаланған сатып алулар бойынша заң бұзушылықтар жойылды