
Өмірі-өнеге
Шырғанақ ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Роза Батырханованың ұйымдастыруымен республикалық «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы аясында Кіші Қарқара ауылында «Өмірі-үлгі өнеге» атты кездесу кеші өтті. Шараға құрметті қонақ ретінде 93 жасқа келген, он баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп, ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырып, өсіпөніп отырған Базархан Қыдықова шақырылды.
Ашық аспан аясында өткен айтулы шараға аудандық маслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева, ауылдық аналар кеңесінің төрайымдарымен ауыл тұрғындары қатысты.
Сәні мен салтанаты жарасқан кеште Базархан әже ұрпақтарының шеруі өтіп, шөберлері гүл шоқтарын сыйлады.
Алғашқы сөз кезегін алған Шырғанақ ауылдық округінің әкімі Руслан Уәлиұлы:
-Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ұрпаққа өнегелі тәрбие беру-бәріміздің ортақ міндетіміз. Арамыздағы қарияларымыз, апаларымыз жүзден асса да, ұрпақ алдын-дағы міндетінен жаңылған емес. Өмірден көріп-білген тәжірибелерін бөлісіп, жас ұрпақтың бойына имандылық, мейірім мен жауапкершілікке, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерді дарытуға бар күш-қуаттарын салуда. Еліміз салт-дәстүріміз бен жоралғымызды, тарихымызды тасқа қашап жазып, келер ұрпаққа аманаттап отырған. «Өткеніңді білмей, болашаққа қол соза алмайсың» демекші, бұл шара аясында әжеміздің өнегелі өмірі көпке таныстырылып отыр. Осы өмір жолында балаларымен бірге, жастарды да тәрбиелеуге белсене араласты. Құрметті, Базархан апа! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, барша ұл-қыздарыңыздың немере-шөберелеріңіздің ортасында жасыңыз жүзге жетсін демекшімін!-дей келе Базархан әженің иығына оқалы камзол жауып, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың Алғыс хатын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті.
Өз кезегінде сөз алған аудандық маслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман әжеміздің өнегелі өмірінен жастар ғибрат алуы керек екенін айтып, Базархан Қыдықованың деніне саулық, отбасына амандық тіледі.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков пен ардагер журналист Шыңғыс Тұрсынов, ауыл азаматтары Оразбай Бекбатыров, Серік Саниязов өнегелі ана жайлы ойларымен бөлісті.
Ауылдағы «Әжелер» ансамблі «Замандас» әнін орындаса, «Нұр-Ару» балабақшасының бүлдіршіндері «Әжетайым» әнін орындап, қазақ биін мың бұрала биледі. Базархан әженің шөберелері «Біздің әже», «Әже мен шөбере», «Қос ана» атты арнау өлеңдерін оқып берді.
Шара соңында Базархан әженің ұл-қыздары Әсем, Нұрсәуле тәрбие, ұлттық құндылық, әже мен әке-шешенің орны, ұрпақ сабақтастығы туралы сөз қозғап, көпшілікке жылы лебіздерін білдірді.
Шараны Кеген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева қорытындылады. Жиын соңында Базархан әжеміз жиналған көпшілікке ақ батасын беріп, ұрпақтары ортаға алып естелік суретке түсті.
Айта кеткен жөн, Базархан Қыдықова 1932 жылы 8 қыркүйекте ҚХР, Мылқы ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Батыр ана, алтын алқа иегері. Отбасында төрт ағайынды. Қытай жерінде жүріп, жеті кластық білім алды. Өмірлік жолдасы Әбдіреш Көмекбайұлы 1921 жылы Кеген ауданы, Торайғыр тауының етегінде дүниеге келген. Арабша хат таныған, көзі ашық, көпті көрген, балаларының сауатты болуына ерекше мән берген ерекше жан. Қуғын-сүргін жылдары Әбдіреш ақсақал әке-шешесінен ерте айырылып, жеті жасында ағасымен бірге Қытай мемлекетіне өтіп, 1953 жылы Базархан әжемен отбасын құрып, он бала тәрбиелеп өсірді. 1959 жылы атамекені Кеген ауданы, Тоғызбұлақ колхозына оралып, ауылдың дамуына өз үлестерін қосты. Колхоздағы мал төлдету, қырманда астық тазалау, картоп теру, сиыр сауу, шөп шабу жұмыстарына белсене араласты. Базархан Қыдықова жолдасы Әбдірешпен 31 жыл отасып, өмір сүрді. Әбдіреш Көмекбайұлы 1984 жылы 63 жасында өмірден озды. Базархан әже басына түскен ауыртпалыққа қарамай, балаларына қорған болды. Ұрпақтарын тәрбиелей жүріп, ұл-қыздарының оқуына, жұмыс істеуіне көп көңіл бөлді. Бүгінде өсірген ұл-қыздары әр түрлі салада еңбек етуде. Базархан Қыдықова қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, сырмақ тікті, текемет басты, пима басты, алаша тоқыды. Тоқыған бұйымдары әр баласының үйінде көненің көзіндей сақталған. Ауылдағы замандастарының арасында сыйлы, қонақжай, қарапайым, он саусағынан өнер төгілген, шебер адам. Кейінгі ұрпаққа айтар ақылы мен көрсетер үлгі-өнегесі көп, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттап отырады.
Бүгінгі таңда алтын құрсақты әжеміз 24 немере, 45 шөбере, 10 шөбере сүйіп отыр. Сонымен қатар, әжеміз «Азамат атын асқақтату әйелдің ғана қолында» деген қағидадан бір сәтке де айнымаған. Ұрпақтары ақ әжелерінің еңбегін үнемі мақтан етіп айтып отырады.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ
Кеген ауданы