Мал дәрігерлері марапатталды

Елімізде былтырдан бастап, 10 шілде ветеринариялық қызметкер күні болып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен кәсіби мерекелер тізіміне енгізілді. Бұл күні «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының бірінші заңы қабылданған. Аталған мерекенің айшықтап белгіленуі сала қызметкерлерін ынталандыруға және ветеринарияның еліміз үшін стратегиялық маңыздылығын айқындай түсті. Бұл-төрт түліктің амандығын күзетіп, адамзаттың саулығына да жауапты маман иелерінің еңбегін бағалаудың белгісі.

Осы ретте аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өңір ветеринарларының басын қосқан салтанатты шара өтті.

Айтулы шараға аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облысының ветеринария басқармасының басшысының орынбасары Нұртас Қиялбеков, Алматы облысының ветеринариялық станциясының директоры Сабырбек Хамитұлы, аудандық ветеринариялық станциясының директоры Қабыл Төкенов, мал дәрігерлерімен сала ардагерлері қатысты.

Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ветеринария саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбек майталмандарына ерекше құрмет танытты. Ол өз сөзінде:

-Экономиканың негізгі тірегі болып табылатын мал шаруашылығы саласында ветеринарияның алар орны ерекше. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Ветеринария-тек жануарлардың саулығына ғана емес, тұтас қоғамның денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін аса жауапты сала. Сіздердің күнделікті атқарып жүрген табанды еңбектеріңіз ауыл шаруашылығының дамуына, мал шаруашылығы өнімдерінің сапалы әрі қауіпсіз болуына зор үлес қосып келеді. Мамандыққа деген адалдықтарыңыз, жануарларға деген жанашырлықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз- құрметке лайық. Ауданымыздың  ауыл шаруашылығы саласындағы жауапты қызметтеріңізге жеміс, әрқашан биік тұғыр тілеймін! Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңыз шаттыққа, береке-бірлікке толы болсын!-дей келе ветеринария саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді аудан әкімдігі атынан Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.

Алматы облысының ветеринариялық станциясының директоры Сабырбек Хамитұлы құттықтау сөз сөйлеп, жылдар бойы осы салада еңбек етіп, өмірін мал шаруашылығымен байланыстырған жандарды облыс әкімінің атынан Құрмет грамотасы мен «Алматы облысы ветеринария саласындағы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен Кеген аудандық ветеринария бөлімінің ветеринариялық дәрігері Жамбыл Мамырқұловты, «Еңбек үздігі» төсбелгісімен Тасашы ауылдық округі ветпунктінің ветеринариялық санитары Сайлаубек Иманбековты, Жылысай ауылдық округі ветеринариялық пунктінің ветеринариялық фельдшері Сәбит Балғабаевты, Қарабұлақ ауылдық округі ветеринариялық пунктінің ветеринариялық санитары Заура Жақсылыққызын және көптеген сала мамандарын арнайы марапаттады.

Солардың бірі-Қасиет Асылбайқызы. Бөлексаз ауылында ветеринар-санитар болып жұмыс істейді.

-Ветеринария мамандығын оқып шығып, бірнеше ауылдарда жұмыс атқардым. Біраз уақыт бойы ветеринария саласына назардан тыс қалып қойғанын мойындау керек. Тиісті деңгейде бұл бағытқа көңіл бөлінбеді. Бірақ соңғы жылдары ауыл, ауданда ветбекеттер ашылып, заманауи жабдықтала бастады. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын!

Шара барысында аудандық ветеринариялық станциясының директоры Қабыл Төкенов, ауыл шаруашылығы саласына үлес қосқан «Ұларлы» шаруа қожалығының төрағасы  Жұмаш Суатаев,  ветеринария саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған Нұрмұхан Иманбекова және аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Сабыр Досымбековтер көпшілікті қуанышты күндерімен құттықтап, айрықша ілтипаттарын білдірді.

Мерекелі күндегі берекелі сыйлықтың бастысы Алматы облысының ветеринария басқармасының қолдауымен ветеринария саласындағы жауапты қызметі үшін, Қарабұлақ ауылдық округінің ветеринариялық қызметіне Нива автокөлігі сыйға тартылды.

 

 

Дәурен ЕРМЕКБАЙ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Предыдущая запись Шекара шебінде
Следующая запись Көпбалалы отбасыға төленетін жәрдемақының тоқтауына не себеп болуы мүмкін?