
Салт-дәстүрді ұлықтаған аналар
Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық-2025» мәдени шарасы және «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі-ұлттық құндылықтар мен спортты дәріптеген шара еліміздің рухани бай мұрасын жалғастырудың негізі болды. Осы дүбірлі шара да аудандық аналар кеңесінің республикалық форумы өткен еді.
Айтулы шараға республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы бастаған төраға орынбасарлары Камал Әбілқасымқызы, Баян Орынбасарқызы, Астана қаласы Аналар кеңесінің төрағасы Алтынай Мұратжанқызы, төраға орынбасары Ботакөз Сейітхановна, республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Айша Тұрмағанбетова, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Сағатқызы, аудандық аналар кеңесінің төрайымдарымен облыстық «Қоғамдық келісім және даму орталығының» басшылары және мамандары қатысты. Қатысушылар әйел-аналардың қолымен дайындалған көздің жауын алар бұйымдарымен танысып, түрлі деңгейдегі шеберлік сағаттарын тамашалады.
«Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы бағытындағы жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева баяндама жасады.
2014 жылдан бері жұмысын бастаған аудандық аналар кеңесі «Отбасы мектебі» жобасы аясында «Қыздар кеңесі», «Жас отбасымен жұмыс», «Ұлы дала аналарын дәріптеу» мақсатында аудандық білім бөлімімен меморандум арқылы полиция, денсаулық сақтау бөлімдері, жастар орталығымен қызметтік байланыста аудандағы он екі елді мекенде құрылып, өз міндеттерін атқарып келеді.
Сонымен бірге, ұлттық салт-дәстүр айшықталған, ою-өрнектермен өрнектелген алты қазақ үйде «Ата-баба дәстүрі-ұрпаққа аманат!» тақырыбымен сәби кзеңінен дана әжеге дейінгі ананың өсу кезеңдерін бейнелейтін көріністер көрсетілді. Шырғанақ, Бөлексаз ауылы аналар кеңесінің төрайымдары Р.Батырханова мен Г.Әкімжанова ұйымдастырған аналар сәби кезеңінен «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдерін өткізді. Ұзынбұлақ, Жылысай ауылы аналар кеңесінің төрайымдары А.Түзелбекова мен Б.Тойжанова ұйымдастырған аналар кеңесі «Ғұмыры ұзақ болсын» деген ниетпен бойжеткеннің ұзын шашына шашбау, шекелік тағып, тұрмысқа шығар алдындағы «Сырға салу» дәстүрін көрсетті. Жалағаш, Алғабас ауылы аналар кеңесінің төрайымдары Н.Қызайбекова, Б.Мырқасымова ұйымдастырған «Жас отауға» қадам басу, ұзату көрінісін және «Қыз жасауы» көрмесін таныстырса, Қарабұлақ, Саты ауылының аналар кеңесінің төрайымдары К.Шүңгілова мен Ж.Манасурова ұйымдастырған аналар «Жас келін» жасайтын ырым «Босаға майлау» жасалып, «Ақ орамал» салу дәстүрін көрсетіп, қыз жасауынан көрме қойды. «Әйел-ана» кезеңінде Тұйық пен Кеген ауылы аналар кеңесінің төрайымдары Ғ.Сатаева мен Н.Сасықова ананың ұрпағына берер тәрбиесі мен үлгі-өнегелерін паш етті. Ал «Дана әжені» бейнелеген Қарқара, Тасашы ауылы аналар кеңесінің төрайымдары К.Әлдібаева мен С.Қасымхановалар ананың ұрпағының көрсетер сый-құрметін, әженің ұрпағына арнаған аманатынан көрініс қойды. Онда 1929 жылдан бергі ұрпақтары сандықта сақтаған 19 кимешекті киген әжелердің «Кимешектер сыр шертеді» атты кимешектер шеруі жүріп өтті.
Форумда республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Ыдырысқызы кимешектердің тарихын айшықтайтын музей ұйымдастырылса деген ұсыныс айта келе, шараны қорытындылап, облыстан арнайы келген қонақтарға, шараның өтуіне ат салысқан, өзіне көмек көрсеткен кеңес мүшелеріне зор ризашылығын жеткізді.
Осылайша, аудандық аналар кеңесінің жұмысы республика көлемінде таратылды.
Форум соңында аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы форумның мәні мен маңыздылығына тоқталып, ауылдық аналар кеңесінің төрайымдарын арнайы Алғас хаттармен марапаттады.
Он жылдан астам кезеңде қоғамдық негізде аналар кеңесінің жұмысын абыроймен атқарып, ұрпақ тәрбиесінде өз үлестерін қосып жүрген ардақты аналарымызға бақытты ғұмыр, зор денсаулық тілейміз.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ