Шекара шебінде

Кез келген мемлекет үшін ең алдымен тыныштық, бейбітшілік маңызды. Сондықтан шекара қызметі үлкен жауаптылықты талап етеді. Шекарашыларға жүктелер міндет салмақты болғандықтан, бұған бала жастан бойына патриоттық тәрбиені сіңдіріп, шымырлыққа жастай баулыған ұтымды.

Осы орайда, жастардың шекарашы мамандығына деген қызығушылықтарын арттыру, шекарашылардың бір күндік қызмет барысын көрсету мақсатында «Жастар тәрбиесі- адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты кездесу өтті. Жастар Қарқара ауылында орналасқан «Қарқара» шекара шебінде болып, шекарашылардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сабыр Досымбековпен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға Кеген және Райымбек аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы  Ринат Есембаев, Қарқара ауылдық округінің әкімі Ернұр Сабырбеков, «Қарқара» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Ғибрат Наурызұлы, ауылдық ақсақалдар алқасының төрғағаларымен жастар нұсқаушылары қатысып, шекарашы қызметінің қыр-сырына қанық болды. Жастарға әскери қызметтің мақтаныш пен жауапкершілікке толы қырлары көрсетіліп, шекара сарбаздарының күнделікті өмірі мен қызмет тәртібі, қолданылатын қару-жарақтары, алып жүретін заттарынан бастап, арнайы жеңіл көліктеріне дейін барша нысандар таныстырылды. Сонымен қатар, шара барысында иісшіл иттердің жұмыс жасау тәсілдерін бақылап, жастарға жаттығу барысы көрсетілді.

Шараның негізгі мақсаты жастардың әскерге барғысы келмеуін негізге ала отырып, жас буынға шекара қызметінің маңыздылығын түсіндіру, Отан қорғауға деген жауапкершіліктерін арттыру болып табылады.

Ел тыныштығын шекара сабында тұрып, кірпік ілместен күзететін шекарашылар қызметі ауыр әрі аса жауапкершілікті талап ететін мамандықтардың бірі. Шекарашы қызметі сақтықты, аса қырағылықты, шапшаңдық пен мұқияттылықты талап ететін қызмет түрі болғандықтан бұл мамандарға үлкен жауапкершілік артылады. Сондықтан, аталмыш мамандық иелерінің жұмысы мен қызмет барысын жастарға түсіндіру арқылы шекарашы қызметіне деген сұранысты өсіру үшін осы сынды шаралар өткізу жоспарға алынып отыр.

Сабыр Досымбеков, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы:

-Жастарға шекарашылардың қызметінің маңыздылығы мен өзектілігі жайында шара өткізуді құп көрдік. Жастардың ерекше әсермен қайтып, осы мамандыққа деген қызығушылығының оянғанын көру, шараның нәтижелі екендігінің белгісі. Балалардың аталмыш қызметке деген ынтасын ояту қоғам қажеттілігі деп білемін,-деді ол.

Ғибрат Наурызұлы капитан, «Қарқара» шекара бөлімшесінің бастығы:

-Шекара қызметінің басты мақсаттарының бірі-көршілес елдер тарапынан басып кірудің алдын-алу, шекарамызды қорғау, ел қорғанысын басты назарда ұстау болып табылады. Осы жолды таңдағандықтан ел үшін аянбай қызмет етіп, күн демей, түн демей қызметте болуға дайынбыз. Жастарымыз да елі үшін жанын берер патриот азаматтар болып өссе, шекарамыз берік, еліміз тыныш болмақ,- дей келе жастарды ұлт жанды болуға шақырды.

-Бұл-ел тыныштығымен Отан қорғауға деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын маңызды тәрбие сағаты болды. Шекара күзетудің жаңа әдістерін жеткізіп, жастарға жоғары оқу орындарына, әскерге және әскери қызметке барудың ұтымдылығы жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз,-деген Кеген және Райымбек аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы  Ринат Есембаев белсенді жастарға Алғыс хаттарды табыс етті.

Шара соңында жастар ақсақалдардың ақ батасын алып, естелік суретке түсті.

Бұл шара да әскери өмірді жастарға таныстыру арқылы олардың бойында өз Отанын сүйіп, құрметтеуге және өз елін қорғауға деген азаматтық борышын сезіндірер рухты ояту көзделген. Мұндай патриоттық тәрбиеге негізделген іс-шаралар мұнымен тоқтап қалмақ емес.

 

Дәурен ЕРМЕКБАЙ

Кеген ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Предыдущая запись Жас түлектермен жүздесу — табысты таңдау кепілі
Следующая запись Мал дәрігерлері марапатталды