Ізгілік мерекесі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті мерекелерді  ұлттық  реңкте  ұйымдастыруға ерекше ден қойып келеді. Осынау игі дәстүр  Кеген ауданында да жалғасты. Құрбан айт күндері Кеген өзенінің бойында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алты­бақан құрылып, ұлттық нақыштар жан­жақты көрініс тапты.

Аудан мешітінде Құрбан айт намазын оқумен басталған ұлық мейрам сан алуан қайырымдылық шарасына ұласты.Оған «Жерұйық-Кеген жастары»  қоғамдық  ұйымы  ұйытқы болды.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, «Әулие абыз-Әлмерек баба»  мешітінің  бас  имамы  Әзім Сатыбалдыұлы игі шараға бұқарамен бірге қатысып, айт мейрамымен құттықтады.

-Құрбан айттағы мерекелі, берекелі болып жатқан тойымыз тойға ұлассын! Бүгінгі Қасиетті Құрбан айтта шалып жатқан құрбандықтарыңыз Алла тағала қабыл алып, әр шаңырақта аманшылық болсын! «Жерұйық  жастары»  қайырымдылық шарасынан  ешқашан  тыс  қалмайды. Жағдайы төмен отбасыларға үнемі қолұшын созып, қолдау көрсетіп келеді. Қаншама жандарға баспана бақытын сыйлады. Жомарт жүректерге алғысымыз шексіз!- деді аудан басшысы.

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған игі шарада «Жерұйық-Кеген жастарының» мүшесі Еркебұлан Нұрбайұлы атқарылар іс-шараларға тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.

Ұлық мерекеде ұлттық спорт жарысына да  кезек  берілді. Арқан  тарту,  қазақша күрес, асық ойнау, тағы басқа ойындардан оза шапқан жастарға сый­сияпат көрсетілді. Құрбан айт мейрамында балалар да назардан тыс қалмады. Оларға балмұздақ пен тәттілер үлестіріп, мерекенің мол қуанышына бөледі. Айтулы мереке аудан өнерпаздарының Құрбан айт мерекесіне арналған концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

 

Дәурен ЕРМЕКБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Предыдущая запись Кеген жастары – табиғат жанашыры! 🌿
Следующая запись Мұражайдың құнды жәдігері