
Мұражайдың құнды жәдігері
Мұражай-сан ғасырдан жинақталған рухани құндылықтар орталығы. Ондағы жәдігерлер-көне тарихтың куәсі. Сол арқылы жас ұрпақ танымын арттырып, ой-өрісін кеңейтеді. Кеген ауданындағы тарихи-өлкетану музейі де өткенді зерделеп, болашаққа бағдар беруде өз міндетін атқарып келеді.
Аталған мұражайдың ғылыми қызметкері Меруерт Ермағамбетқызының айтуынша, қазіргі таңда ғылыми мекемеде 224
9 экспонат бар. Онда өлкетануға қатысты деректер, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған құнды жәдігерлер жинақталған.
Соның ішінде, осыдан екі жыл бұрын Кеген ауылынан он шақырымдай жердегі ежелгі Құмтекей ескі қалашығының орнынан табылған тас мүсіннің алар орны ерекше. Тылсым таста бауырына сәбиін басқан Ана мен бала мүсіні бейнеленген.
Мүсінді Айбек Оспанов есімді ауыл тұрғыны тауып алған. Ол осыдан төрт жыл бұрын Құмтекейдегі иен даладан тракторымен үйіне құм басып алып келеді. Құмды үйінің маңына әкеліп төккенде арасынан осы тас мүсін шыққан. Сол уақыттан бері үй маңайынан бір жоғалтып, қайта табылған ерекше жәдігерді ауыл тұрғыны аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізген.
Шебер оюланған мүсінді зерттеген мұражай қызметкерлері бұл аймақта жақсы мүсіншілер мен шебер қолөнершілер өмір сүретініне тағы да көз жеткізді. Себебі, ол тек жақсы сақталып қана қоймай сондай-ақ мүсіндегі ана мен баланың көзі мен ернінің анығырақ көрсету үшін боялған қара түс әлі күнге дейін анық көрініп тұр.
-Мұражайда 2023 жылы Құмтекейден табылған, баласын құшағына алған ана бейнесіндегі тас мүсіннің жөні бөлек. Тас мүсіннің биіктігі-38 см, ені-35 см, салмағы- 26, 929 келі. Құмтекей, яғни Құмтөкей деген атаудың өзі тарихи мекенді құм басқаннан кейін пайда болуы әбден мүмкін. Мұны ғалымдар да жоққа шығармайды. Көптеген зерттеу жұмысында бұл мекен Үйсін мемлекетінің астанасы Чыгу қаласы деп көрсетіледі. Бірақ кейіннен қала күйреп, елді мекеннің барлығын құм басып қалған,-дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Ермағамбетқызы.
Ерекше экспонаттың Құмтекейден табылуы да бекер емес. Ғалымдардың айтуынша, қалың құм басып кетсе де қалашық ежелден ірі болған.
Үйсін қалаларының бірі болған Құмтекейдің қойнауы тарихи құнды жәдігерлерге толы. Ал музей қызметкерлері «тылсым тас зерттеуді қажет етеді» дейді.
Дейтұрғанмен, тас мүсінді тыңғылықты зерттеуге ешкімнің құлқы болмай тұр. «Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар», -деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, тас мүсіннің тарихына қарап, анығына көз жеткізу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу керек? Қалай болғанда да, тас мүсін тылсым сырға толы. Құмтекейдің қойнауында әлі қанша ғасырдың құпиясы бұғып жатыр? Ол алдағы зерттеу жұмыстарының еншісінде.
Қазіргі заманның кезек күттірмес маңызды міндеттерінің біріне айналып отырған мәселенің бірі- халықтың мәдени мұрасы сақталатын, көрсетілетін һәм насихатталатын орны мұражайдағы жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан терең зерттеу болып отыр.
«Өткеніңді түгендемей, бүгініңді бүтіндей алмайсың» демекші, тарихты тануда мұражайдың атқаратын міндеті зор екені даусыз.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ
Average Rating