КЕГЕНДЕГІ ДОП ДОДАСЫ: ЖЕҢІС КҮНІНЕ ТАРТУ

Кеген ауылында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған аудан әкімінің кубогы жолында шағын футболдан облыстық деңгейдегі турнир өтті. 40 жастан асқан ардагерлер арасында ұйымдастырылған бұл жарыс спорттық бәсеке ғана емес, нағыз спорттық рух пен бірліктің мерекесіне айналды.


Мамырдың мамыражай күнінде өткен турнирдің ашылу салтанаты ерекше рухта өтті. Шараның басты мақсаты — Жеңіс күнін ұлықтау, батыр бабалар рухына тағзым ету және ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау болатын. Доп додасына облысымыздың түрлі аудандары мен қалаларынан 11 команда, 100-ден астам спортшы жиналды.
Турнирдің ашылуында Кеген ауданының әкімі, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат депутаты Ерғали Талипов, қазақ күресінен әлем чемпионы Бауыржан Тәліп және Азия чемпионы Ербол Қоңыратов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты шараның қонағы  Грек-рим күресінен 66 келіде Азия чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Ербол Азатбекұлы Қоңыратов  ықыласын былай білдірді:

«Әр ауылдан шыққан «40+» футбол шеберлерінің арасында өтіп жатқан бұл турнир — керемет спорттық шара. Бұқаралық спортты дамытып, қолдап жатқанымызға шын жүректен қуаныштымын. Өсіп келе жатқан жастарымыз болашақта әлемдік ареналарда көк туды желбіретіп, еліміздің намысын қорғасын!»


Жарыстың тағы бір ерекшелігі — «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық шара болды. Салтанатты ашылудан кейін атақты чемпиондар мен қонақтар спорт кешенінің маңындағы «Чемпиондар аллеясына» ағаш отырғызды. Бұл қадам — кейінгі ұрпаққа тазалық пен табиғатты аялаудың үлгісін көрсеткен өнегелі іс болғаны анық.


«4+1» форматында өткен ойындар өте тартысты өтті. Әрқайсысы 7 минуттан тұратын екі тайм ішінде ардагерлер жоғары жылдамдық пен шеберлік көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша:
1-орын: Жалағаш ауылдық округінің командасы;
2-орын: Кеген ауылдық округінің командасы;
3-орын: Шырғанақ ауылдық округінің командасы;
4-орын: Қарқара ауылдық округінің командасы иеленді.
Командалық есептен бөлек, жекелеген ойыншылар да ерекше атап өтілді:
«Үздік сұрмерген» — Жабықпай Айдар;
«Үздік ойыншы» — Қоңыратов Ербол;
«Үздік қақпашы» — Муталипов Талғат;
«Үздік төреші» — Талдыбек Қайнар;
«Үздік команда жетекшісі» — Бакиров Жасұлан.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің арнайы дипломдарымен, медальдармен, кубоктармен және қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бұл турнир Кеген жерінде бұқаралық спорттың серпін алып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Аға буынның спортқа деген құлшынысы — өскелең ұрпақ үшін нағыз патриоттық тәрбиенің үлгісі.

Мақпал Шадан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Предыдущая запись Орманды өрттен сақтайық
Следующая запись Орман – ел байлығы, жер көркі