Көлсайдың күзетшісі: Алматы облысында «Ауыл құтқарушыларының» жаңа бекеті ашылды
Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Саты ауылында айтулы оқиға өтті. Еліміздің бас құтқарушысы, Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің қатысуымен Қазақстандағы 178-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымы ресми түрде іске қосылды. Бұл нысан шалғайдағы ауылдардың қауіпсіздігін ғана емес, отандық туризмнің інжу-маржаны – Көлсай көлдері ұлттық паркінің де амандығын күзететін болады.

Кәсіби өрт сөндіру бөлімдерінен алыс жатқан елді мекендерді тілсіз жаудан қорғау – ТЖМ жұмысының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта қолға алынған ведомстволық бағдарлама аясында бой көтерген жаңа тірек пункті енді Саты және Құрметі ауылдарының өрт қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етеді.
Бұл аймақтың географиялық орналасуы мен туристік әлеуетін ескерсек, жаңа бекеттің маңызы өте жоғары. Себебі, жыл сайын мыңдаған турист ағылатын Көлсай шатқалындағы қауіпсіздікті күшейту – кезек күттірмейтін мәселе еді.
Жаңадан құрылған ерікті жасаққа жедел әрекет ету үшін барлық жағдай жасалған. Салтанатты шара барысында бөлімшеге:
- Заманауи өрт сөндіру техникасы;
- Сапалы байланыс құралдары;
- Арнайы кәсіби киім-кешек пен өрт сөндіруге қажетті барлық құрал-сайман табысталды.
Жаңа нысанның ең басты ерекшелігі – оның құрылысына мемлекет бюджетінен бірде-бір теңге жұмсалмаған. Бұл жоба – мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығы мен әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісіне айналды.

Жергілікті жанашыр кәсіпкер Қанат Үскеновтің демеушілігімен, бюджеттен тыс қаражат есебінен зәулім ғимарат небәрі 25 күн ішінде бой көтерді. Рекордтық мерзімде салынғанына қарамастан, ғимарат іші халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда құтқарушылардың тапжылмай қызмет етуі үшін барлық жағдай жасалған.
Жедел қоңырауларды қабылдайтын заманауи диспетчерлік пункт, Жеке құрамның тынығуына арналған жайлы бөлмелер мен асхана, Арнайы техникалар мен құрал-саймандар сақталатын кең бокстармен жасақталған.
Ең бастысы, мұнда жергілікті еріктілерден құралған топ тәулік бойы кезекшілік атқарып, кез келген қауіпке алғашқы минуттарда-ақ соққы беруге дайын отырады.
Соңғы бір жылдың ішінде ғана Алматы облысы аумағында осындай 12 ерікті өртке қарсы құрылым пайдалануға берілген. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының кең қанат жаюы шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын бірнеше есеге қысқартуға мүмкіндік берді.
Саты ауылында ашылған 178-ші бекет – ауыл тұрғындарының тыныш ұйқысы мен Көлсайдың бірегей табиғатын өрттен аман сақтайтын сенімді қалқан болмақ. Ел игілігіне берілген нысан алдағы уақытта талай тілсіз жаудың бетін қайтарып, адам өмірін арашалауға септігін тигізері сөзсіз.
Мақпал Шадан