Кеген ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтілді
Балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өскелең ұрпаққа қуаныш сыйлау мақсатында ұйымдастырылған бұл шара бірнеше кезеңді қамтыды.
Іс-шараның алғашқы кезеңі Орталық алаңда 6–8 жас аралығындағы 30 бүлдіршіннің қатысуымен өткен «Асфальтқа сурет салу» сайысымен және қазақтың ұлттық спорттық ойындарымен басталды. Содан кейін фанфар үнімен салтанатты шеру басталды.
Шерудің алдыңғы қатарында «Балбөбек» және «Балауса» балабақшаларының бүлдіршіндері мен тәрбиешілері, сондай-ақ ауданның оқу, өнер және спорт саласындағы мақтаныштары жүріп өтті. Одан бөлек, ұлттық киім киіп, домбыра мен қамшы ұстаған Қарқара орта мектебінің оқушылары, Бөлексаз, Тасашы, І. Жұмағұлов, Ақтасты орта мектептерінің, К. Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейінің барабаншылары, сондай-ақ С. Серкебаев және Ө. Жаңабаев атындағы мектеп-гимназияларының велосипедшілері мен Жалаулы орта мектебінің ролик тебуші жастары шеру ажарын кіргізді.

Мерекенің ресми бөлімінде Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде балалардың сапалы білім алуы мен көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Бала – әр отбасының шаттығы, шаңырақтың қуанышы, мемлекетіміздің жарқын болашағы. Халқымыз қашанда «Барым – балам үшін» деп, ұрпағын ұлттың аманаты санаған. Олардың жарқын келешегі үшін атқарылар игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы А. Н. Нұғыман, аудан прокуроры А. А. Данилов, ардагерлер мен аналар кеңесінің төрағалары, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.

Салтанатты шара барысында ауданымыздың атын шығарып жүрген дарынды оқушылар бағалы марапаттарға ие болды:
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры грантының иегері Серік Айару (Ө. Жаңабаев орта мектебі) , халықаралық олимпиада жүлдегері Тілек Алина (С. Серкебаев мектеп-гимназиясы) , Бурабай қаласындағы «Айқанат» мектебінің 15 млн теңгелік грант иегері Мухажанова Балжан (Жалаулы орта мектебі) , халықаралық ауызша командалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Әли Ясмин, Мырзан Алтынай (Ақтасты орта мектебі), Жақаш Шахнұр, Бекберген Айәли, Жанболат Асанәлі, Ерболқызы Айару (Бөлексаз орта мектебі) , республикалық «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының жүлдегерлері Халықұлы Бақыт, Серікбай Кәусар және Нұрмұханбет Дарын марапатталды.
- Ташкентте өткен Халықаралық «ЖАС ЖҰЛДЫЗ» байқауының Гран-При иегерлері – З. Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің бишілері Көке Асем, Жеңіс Ханбибі, Жанболат Каусар, Дихан Іңкәр, Мырзаш Айару, Нұрданбек Айару, Сайызбек Ықылас, Батырхан Кәусар , сонымен қатар аталмыш байқаудың бас жүлде иегері, жас домбырашы Батырхан Амина , республикалық «ЖАССтар» фестивалінің 1-орын иегері Нұрғали Іңкәр , республикалық «Менің жерім, менің елім» суретшілер байқауының жүлдегерлері Талғат Перизат пен Кәдірбек Марғұлан марапат төрінен көрінді.
- Грек-рим күресі, қазақ күресі, дзюдо және бокстан республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, спорт шеберлігіне үміткерлер Берікұлы Нұржан, Дидарұлы Ерасыл, Байқұрман Әділет, Амантұр Нұрасыл, Нұрбайұлы Ерсұлтан, Мұратәлі Ердана, Айтмұхан Жұбаныш, Мақсатұлы Әлихан, Таубалды Хамза, Жетпісбай Алмас, Есқожа Алтынай және Мақсатқызы Айдана салтанатты түрде марапатталды.
Сондай-ақ, мереке аясында өткен аудандық «Асық ату», «Көңілді старт» спорттық жарыстары мен асфальтқа сурет салу байқауының жеңімпаз командалары мен бүлдіршіндеріне аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нөкербанұлы Нұғыман арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Шара соңы ауданның өнерлі балалары дайындаған думанды концерттік бағдарламаға ұласты. Концертте «Балбөбек» балабақшасы бүлдіршіндерінің орындауындағы «Қол шатыр» биі , Сулеймен Асем мен Майбек Айсауленің «Ана мен қыз» әні , «Балауса» балабақшасының «Балабақша» биі , жас дарын Батырхан Аминаның орындауындағы «Ер тұран» күйі , «Көркем-ай» би ансамблінің орындауындағы қазақ биі «Шолпан» және вокалдық топтың «Ауыл жұлдыздары» әні көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Балалардың күлкісіне толы бұл шуақты күн барлық қатысушылар мен ата-аналардың есінде ерекше мереке ретінде қалды.
Мақпал Шадан