
«Парктер шеруі» немесе Кегендегі экологиялық акция
Екі ғасырдан бері АҚШ пен Батыс мемлекеттерінде ерте көктемде тұрақты түрде өткізілетін «Парктер шеруі» акциясына Қазақстан 1997 жылы ғана қосылды. «Табиғатыңды таза ұста!» деген ұранмен басталған жалпыхалықтық іс-шараның ауқымы ел аумағында ерекше қанат жайып, жыл сайын осы іс-шараға белсенді қатысатын азаматтар қатары көбейіп келеді.
Ең алғаш рет 1840 жылдың 22 сәуірінде АҚШ-та ағаш егу күні ретінде басталған іс-шара 1882 жылы мемлекеттің ресми мерекелері санатына енді. Табиғат жанашырларының басын біріктірген акция 1970 жылдан бастап «Жер күні» мерекесі болып өзгерді. Адамзат өз үйі – Жердің бетін қоқыстардан арылтып, ағаш-бұта отырғызуды насихаттайтын 22 сәуір мерекесі 1990 жылы «Парктер шеруі» болып өзгерген күні әлемде бір мезгілде ұйымдастырылған ағаш отырғызу акциясына 141 мемлекеттен 200 млн адам қатысқан.
Дәл осылай «Парктер шеруі» экологиялық акциясы 2025 жылдың 10 сәуірінде Кеген ауылында да өтті. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселесіне халықтың назарын аудару мақсатында 22 наурыз – 05 маусым күндері аралығында ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 17.03.2008 жылғы №73 бұйрығымен бекітілген «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы ұлттық парк аумағында жыл сайын өткізіледі.
Акцияның негізгі мақсаты табиғатты қорғау, қоршаған ортаның мәселелерін көтеру және оны шешу жолдарын қарастыру болып табылады. «Парктер шеруі» акциясын өткізу туралы арнайы бұйрық дайындалып, жоспар жасалынады. Жоспар бойынша көгалдандыру жұмыстары, тазалық акциялары, табиғатты қорғауға байланысты түрлі іс-шаралар конкурстар өткізіледі.
Шара барысында Кеген ауданының әкімі Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Жүнісов Бақыт Советұлы, «Кеген Орман Шаруашылығы» КММ директоры Солтангазиев Айболат Әскербекқұлы және «Ө.Жаңабаев атындағы орта мектеп»-тің 10 сынып оқушысы Баққожа Ерасыл сөз сөйлеп, артынан Кеген аудандық мәдениет үйі мен «Ө.Жаңабаев атындағы орта мектеп» аумағына ағаш егу жұмыстарымен жалғасын тапты.
Табиғатты ластамау, қоқыс тастамау, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, өзен-көлдердің бойын таза ұстау, балаларға экологиялық тәрбие беру – осы ізгілікті жұмыстың басты бағыттарының бірі.
Average Rating