
Кеген ауданының әкімінің мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құтықтауы
Қадірменді Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері!
Сіздерді мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Халық даналығында «Өнер – ұлттың жаны», — дейді.
Мәдениет мемлекет келбеті. Оны сақтау, болашаққа жеткізу баршамыздың ортақ міндетіміз.
Кереге таулы Кеген өңірі бүгінгі таңда облыс көлемінде Мәдениет пен өнердің алтын арқауына айналып отыр. Кешегі өткен Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Қожеке сынды бабаларымыздың жолын жалғастыру бүгінгі ұрпақтың еншісі.
Осы орайда, ауданымыздан шыққан мәдениет пен өнер тарландары:
Актер, М.Әуезов атындағы драма театрдың режиссері, театр қайраткері, профессор, Барыс, Парасат ордендерінің иегері. Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының лауреаты — Есмұхан Несіпбайұлы Обаев.
М.Әуезов атындағы драма театрдың актеры — Жоламан Әміреев, Құрмет орденінің иегері, кино және театр актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Омар Қиқым, Қазақстанның халық әртісі, дәстүрлі әнші, Құрмет орденінің иегері — Рамазан Стамғазиев, композитор, республикалық композиторлар конкурсының 3 дүркін лауреаты Ермұрат ҮсеновҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, компазитор — Жақсылық Әбдіраманов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, режиссер, Алматы облысының, Көксу, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы — Нағима Таласбаева, мәдениет саласының үздігі — Сержант Жетпісбаев сынды мақтан тұтар азаматтардың ізін жалғастырушы Бақкелді Өкенұлы, Бақытжан Құсайынов, Кәдірбек Сүлеймен, Аршын Нұрбақыт, жезтаңдай әншілеріміз – Сәрсехан Қонақбаева, Бахар Айтбаева секілді мәдениет майталмандарымыз елдің ықыласына бөленіп, даңқын асқақтатуда.
Ауданның мәдениет саласын дамыту, материалдық базасын нығайту мақсатында жыл сайын бюджеттен ауқымды қаражат бөлініп, мәдениет мекемелерінің материалдық жағдайлары жақсарып, жөндеу жұмыстары жасалынып, жаңа құрылыс нысандары да бой көтеруде.
Кеген ауданының мәдениет мекемелерінің желісі 14 мəдениет үйі және 3 ауылдық клуб, 13 кітапхана, 1 тарихи өлкетану музейі халыққа қызмет көрсетсе, мәдениет үйлерінде 115 штат бірлігімен, 69 үйірме жұмыс жасайды. Биылғы жылы қосымша 21 штаттық бірлік алдынды.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бөлексаз, Қарқара ауылдарында мәдениет үйлері салынып ел игілігіне берілді. Жалағаш ауылында мәдениет үйінің құрлысы жұмыстары жүргізіліп биылғы жылы қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, Жылысай ауылынан жаңа мәдениет үйінің құрылысы, Қарабұлақ ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден, А.Нүсіпбеков ауылындағы мәдениет үйіне 48 млн теңге бөлініп ағымдағы жөндеуден өтуде. Шырғанақ, Тұйық ауылдарында салынатын жаңа мәдениет үйлерінің ЖСҚ жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, құжаттары толық дайын.
Сондай-ақ, мәдениет саласының материалдық техникалық базасы жылжымалы сахнамен, дыбыс жазу студиясымен, барлық мәдениет мекемелерінде музыкалық аппаратурамен қамтылды. Биылғы жылғада материалдық техникалық базаны нығайтуға жалпы 77 млн теңге қарастырылып, 2 автокөлік, 4 мәдениет үйі лэд экранмен қамтамасыз етіледі.
Алда әлі іске асар жұмыстарымыз баршылық.
Ардақты ағайын!
Бұл мереке туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Ал, мәдениет қызметкерлері – айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шебері ретінде өнерге берілген азаматтар. Сондықтан халыққа қызмет көрсетіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін әрдайым мақтан етеміз. Өнерлеріне сүйсінеміз.
Бүгінде өңір өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне жүктелер міндет зор. Осы орайда, ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында – баршаңыздың үлестеріңіз зор, еңбектеріңіз ерен.
Ауданда аталып өтетін әрбір шараны өз деңгейінде атқару мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің үлесінде деп білемін.
Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері!
Қымбатты көпшілік!
Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өңір мәдениеті мен өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды әлемге таныту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыстар тілеймін!
Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, сахнаның төрінде халқымызды өнер нәрімен суысындатып жүре беріңіздер!
Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Қоғамның мәдени деңгейі мен көңіл күйін көтеріп, әрдайым еңбектеріңіз еселене берсін! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Average Rating