
Қоғамның негізі – ұрпақтар арасындағы байланыс
Әр буын – өткен мен болашақ арасын жалғайтын алтын көпір. Сол сабақтастықты сақтау, нығайту және дамыту – елдің рухани тұрақтылығы мен болашаққа сеніммен қадам басуының кепілі. Бұл ұғым тек тәрбиелік мағынамен шектелмейді, ол ұлттық болмыс пен елдік мүддені сақтаудың да негізгі тетігіне айналып отыр.
Ұрпақтар арасындағы байланысқа алтын көпір болатындай шара Кеген ауылында өтті. Ол — Дзюдо күресінен 2010-2011 жылы туылған кіші жасөспірім ұлдар арасында өтетін «Тама баба» Республикалық турнир. Турнирге Қызылорда, Абай, Жамбыл, Жетісу, Алматы облысынан, Алматы мен Қонаев қаласынан және Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген мен Райымбек ауданынан 200-ден аса спортшы жиналып, бақ сынаған болатын. Турнирдың ашылуына Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев, аудан әкімінің орынбасары Кеңес Күнесбайұлы Қабылбеков, Кеген аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Досымбеков Сабыр, «Кеген ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тәліп Бауыржан Таубалдыұлы, Тама баба ұрпақтарының ақсақалы Қапалбаев Әлкен Бегімбетұлы және Тастанов Ілехан ақсақал, «Тама баба» қоғамдық қорының директоры Манат Исембаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Тама баба ақылды, бай кісі болған. Жазда бие байлап, жолаушылар көбірек жүретін ұрынды жерлерге қазақ үйлерін тігіп, жолаушыларға қызмет көрсетіпті. Адамдар «Тама би жолда болса, қара шарасы қолда болса болды» деп жолға шығады екен. Қымызды үлкен тай терісінен жасалған сабада ашытатын болған. Кейбір бойы жетпегендер сабаны ат үстінде отырып піседі екен. Осыдан «Тама бидің сабасында үйрек жүзген» деген сөз қалған ел аузында»
Тарихты ұмытпау – келешекке жол салу. Қазақ халқының шежіресі – ерлік пен елдікке толы. Оны білу, дәріптеу – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі. Батыр бабалардың ерлігі мен ел үшін сіңірген еңбегі тек оқулық беттерінде емес, нақты шаралар мен іс-әрекеттерде көрініс табуы тиіс. Осы тұрғыда түрлі спорттық турнирлер, тарихи-мәдени шаралар үлкен рөл атқарады.
35, 38, 42, 46, 50, 55, 60, 66, 72, 81, +81 Кг салмақ дәрежісінде жеңімпаз дюздошылар арнайы медальмен марапатталып, ақшалай жүлделер табыс етілді. Жалпы командалық есепте 1 орынды К. Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі топ жарса, 2 орын мен 3 орынды «Республикалық Спорт Колледжі» РМҚК мен Алматы қаласы “Шаңырақ” шағын ауданындағы “Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты иеленген. Командалар да арнайы кубокпен және ақшалай жүлдемен марапатталды.
Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз – тарих пен дәстүрді бүгінмен сабақтастырып, оны ертеңге жеткізу. Бұл – өткенге құрмет, бүгінге жауапкершілік және болашаққа сенім. Осындай бағыттағы бастамалар, соның ішінде ұлттық спортқа негізделген турнирлер мен рухани-мәдени іс-шаралар – ұлт болашағына қосылған үлес. Олар жастарды елжандылыққа тәрбиелеп, халықтық құндылықтарды бойына сіңіруге жол ашады.
Еңбектеріңіз жансын!
Жақсы мақала👍👍