
Көне өркениеттің ордасына сапар
Қаладан шыққан бойда, үлкен бетонды жолмен зуылдап, барар жерімізге жылдам-ақ келдік. Келе жатқанымызда телефоныма бір хабарлама түсті.
Көне Құяс қаласы. Үйсіндер. «Алтын адам»
Қара жер енді қанша көтереді?
Тарих мені тереңге жетеледі.
Жетісуға қарайтын барлық аймақ,
Ежелгі Үйсіндердің мекені еді !
Өткізіп өзегінен қилы өткелді…
Қара жерді қамырша илеп берді.
Осын-ау ұланғайыр дала төсін,
Күнбилері Үйсіннің билеп келді !
Сауыт-сайман, жебесі қапталында,
Көшпенділер күн кешкен ат жалында.
Аңшылықты кәсіп қып ,егін салып,
Сауда жасап ,сақтаған салттарын да…
Ұлы Қаған Естеми пана болған,
Шынымен де ашылмай қала ма ордаң?
Торайғыр тау, Ағанас жазығында,
Құяс деген көне бір қала болған…
Сол дәуірде-ақ Күнбилер тұлғаланды,
Уысында ұстаған бұл ғаламды.
Тарихшылар тарихты қолдан жасап,
Ақиқаттың талайы бұрмаланды.
Үйсіндермен үндесер жалпы далаң,
Көне қорым — жәдігер жарқыраған!
Оған куә таңбалы қара тастар,
Оған куә табылған «Алтын Адам»!
Үйсіндерді жер жүзі танып өткен.
Алтындап ханзадасын жарық еткен.
Айырылып сол ұлынан қалғаннан соң,
Елжау күнби құсаменен жүрген екен.
Сан ғасыр сағым болып кеткен екен,
Жаңғырып рухы бізге жеткен екен.
Дауысы жерді жарған Үйсіндердің,
Намысы найза ұшында өткен екен!
Мақсат Ережеп
Мақсат інім, біздің көне қала орнына бара жатқанымызды мүлде білмейді. Одан бейхабар еді. Оның шабыты аяқ асты құйылып, осы өлең жолдары өрілген. Әрі қандай жыр жолдары десеңізші! Құтты арғы әлемнен құйылғандай. Әрі көптен хабарласпаған маған, әлеуметтік Whatsapp желісі арқылы жіберіп отыр. Бұл не деген сәйкестік?! Бабалар рухы жан дүниесін қозғатып, көне қала орнына жол жүріп бара жатқан маған жібергенінде әлде бір тылсым байланыс жатыр-ау сірә! Санам осылай қабылдады.
Жол тартуымыздың басты себепкері тарихшы Сығаев Дүйсенбай деген азамат. Алматы облыстық «Алатау» газетінің 19.08.2022 жылғы №32 санында «Үйсіннің астанасы Шығу қаласы қайда?» атты мақаласы шыққан. Осы мақаладан соң хабарласып, сол жерді көрсетсеңіз деп өтініш білдірген едім. Жеке жолығып өзара әңгімелескенімізде, біраз қызықты жайттарды айтты. Ол жердегі қала аумағы 300 га-ға жуық. Ал төбедегі адам жерлеген қорған обалар мыңнан асады. Бұл жер кезінде үлкен қала орны болған. Ол жерден қыш ыдыстар табылған және де темір қорытатын пештердің орны бар. Шығу қаласының екінші атауы кей ақпараттарда «Қызыл аңғар» деп жазылған. Қызыл аңғарың міне, Шарынның қызылға боялған шатқалдарының ортасында жатыр. Ал сіз айтып жүрген Құмтекейіңіздегі қала — ол да Үйсінге тиесілі. Ол атап айтқанда кезінде Шижуң ханшайымның сарайы болған орда. Өйткені Құмтекейге 1957 жылы қазба жұмыстарын жүргізген кезде, ол жерден 2000 жыл бұрынғы адамның сүйегі табылған. Ол сүйектің ДНК генетикалық сараптамасын жүргізген кезде, ол сүйек қытай нәсілі болып шыққан. Осыдан кейін қазба жұмысын белгісіз себептермен тоқтатып тастаған. Өйткені Қытай үкіметі Балқашқа дейінгі жер біздікі деп жерімізге көз салып жатқан кезі еді. Саяси оқиға болғандықтан жасырылды. Бірақ тарихшылар, археологтар ол сүйек қайдан келді деген сұраққа жауап іздемеді. Ал деректерге сүйенсек, ол адам қытайлар Елжауға Шижуң ханшайымды ұзатқан кезде бірге келген 300 қытайдың бірі болған. Оларды өлген соң қытайға әкетпей, біздің жерде жерлеген. Бұл сол күтуші қытайлардың бірінің сүйегі. Елжау күнби, қытай ханшайымына сенбегендіктен, Үйсіннің астанасы Шығу қаласына ханшайымды әкелмеген. Ханшайымның ордасын бөлек жасатқан. Ол жер қазіргі Құмтекей жерінде деп ойлаймын.
Осы кездесуден кейін үш жыл уақыт өтті. Әлкей Марғұлан атындағы институт ғалымдарымен бірге баруды жоспарлағанмен, сәті түспей жүрген. Сөйтіп жүргнеде Дүйсенбай атты інім хабарласып, Ертең Қазақ ұлттық университетінің деканы профессор Досбол Байқонақов, Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтынан Еркін Стамшаловпен бірге көне қала орнына барып, бір күндік экспедиция жасамақшымыз. Бірге сіз де жүріңіз деді. Қуана құп алып, ертесі таңғы сағат 06 да жолға шықтық. Сапарымыздың жәйі осылай басталып еді.
Ұйғыр ауданы деген белгіден өтіп, Шарынның көпірінен кейін біраз жүргеннен соң, жолбасшы кісі күтіп алды. Осы жерде туып, өмірі осы жерде өткен, «Шарын» ұлттық паркінде инспектор болып істеп, бүгінде зейнетке шыққан көпті көрген, зерделі азамат Мәкен Әлдибековпен кездескеннен соң, ол кісі жол бастады. Әке жолын қуған азаматтың ұлы да, осы ұлттық парктің инспекторы екен. Тарихи орынға негізі арнайы рұқсатпен ғана кіргізеді. Біз рұқсат алу үшін бір сағаттай уақыт жұмсадық.
Су орып кеткен аңғар ізіне келген кезде Мәкен аға:
— Міне осы жер жаңбыр жауған соң су шайып, құмыра, тостағандар табылған жер. Немерелерім осы жерде ойнап жүрген.Кенет шуылдап, айғайлап мені шақырды. Барсам осы қыш ыдыстардың үштен бір бөлігі топырақ қабатынан су шайған соң көрініп қалыпты. Содан күрек әкеліп, ақырындап төңірегін қазып, топырақтан босатып, үш ыдысты сау күйінде шығарып алдық.
Жалғасы бар…..
Сәрсенбай Болат Жапсарбайұлы
«Ұлттық құндылықтар»
академиясының мүшесі,өлкетанушы
Алматы облысы, Кеген ауданы
Average Rating