
Көне өркениеттің ордасына сапар (жалғасы)
Бұл көне пештер тұрмысқа пайдаланған қыш ыдыстар: құмыра, тостаған, табақ, т.б. Жоғары температурада күйдіру үшін жасалынған. Бұл бүгінгі күнге жеткен көне жәдігерлердің бірегейі. Оны қалай сақтап қалуға болады? Ашық күннің астында жатқан осы тарихи жәдігерді сақтап қалудың жолы шатыр салу.Бірақ ол қашан жасалады, белгісіз.
Шеңберлі қазандықтың астындағы тесіктерден, арнайы жер асты каналмен жаққан оттың қызуы келіп, шұқырдағы жасалып қойылған ыдыстарды ыстық пеште күйдірген. Соңғы сурет сол от жағатын пештің аузы. Бұлар жар шетінде тұрған соң бұзылып қопарудан аман қалған.
Әңгімеге араласқан Досбол Байқонақов:
— Бұл жердің үстіңгі мәдени қабатын аяусыз жоқ жасаған екен.
Қызбаланған Дүйсенбай:
— Кеңес үкіметіне , Мәскеуге Үйсіннің мүлде жоқ болуы керек болды ғой. Қазақта өркениет болмаған. Қала болмаған. Олар осы бағдарламаны басшылыққа алып, осы бойынша жұмыстар жүргізген. Жоғарының тапсырмасына жергілікті басшылар бас шұлғыды. Бұл әрекеттерінің ғасырлық қылмыс екенін көбі мүлде ұқпай кеткен шығар!
Мәкен аға әңгімесін одан ары жалғастырды:
— 1970 жылдары осы жерге археолог орыстар келді. Біреуі Москва қаласынан екен. Біреусі Қазақстанның археологі екен. Келіп аралап көріп, арасында біздерге қарап-қарап қояды. Бір кезде шыдамы кетті ме «Мен сіздерге қарап таң қаламын! Сіздер неге осыған бей-жай, қалай болса солай қарайсыздар? Бұл деген Үйсіннің қалашығы, сіздердің тарихтарыңыз ғой!»-деді.
«Мүмкін бізге рақметтерін де айтатын шығар. Бұл Үйсіннің қаласы, тіпті астанасы болуы әбден мүмкін»- деген екіншісінің сөзінен кейін нені меңзегендерін түсіндім.
Археологтардың бірі осы жерде ауырып, осыған байланысты көп аялдамай, біраз жерлерді көріп, қағаздарына түртіп, фотоаппаратқа суретке түсіріп, кетіп қалыпты. Осы кісілердің әңгімелері есімнен еш шықпады. Олардың сөзінен кейін бұл жердің жай емес, үлкен тарихи орда екенін түсіндім.
— 1977 жылдары басқа ауылдардан шынжыр табанды тракторлар келіп, осы жерді тегістеп талқанын шығарды. Сұрастырсақ, бидай себетін егістік керек екен. Арасында бір келсем, әр тракторшының қолдарында бір -бір темір қылышты көтеріп алыпты. Арасында қылыштасып ойнап жүр. Қайран жерді теп -тегіс етіп жаймалап тастады. Тарихи орынға бидайдың тұқымын әкеліп , сеуіп тастады. Оған кейбір білетіндер «бидай шығушы ма еді» деп күлді. Бидай ақыры шықпады. Күйіп кетті. Одан кейін қарағаш екті, оның да шыққаны шамалы. Біз Кеңес үкіметіне құдайдай сендік. «Ой олар біздің қамымызды ойлап жатыр . Не істесе де, ел игілігіне жұмыс жасап жатыр» деп ойладық. Ал шын мәнінде олар біздің барымызды, тарихымызды көз алдымызда жоқ жасап жатыпты.
Жалғасы бар
Сәрсенбай Болат Жапсарбайұлы
«Ұлттық құндылықтар»
академиясының мүшесі,өлкетанушы
Алматы облысы, Кеген ауданы