Көне өркениеттің ордасына сапар (жалғасы)

Read Time:6 Minute, 45 Second

Қала орны

 

Қаланың ортасынан төмен қарай жер бетінде қыштың сынықтары  қаптап жатыр. Мәкен ағаның айтуынша, келген туристер қыш сынықтарын пакеттерге салып алып кетуде. Сонда да әр жерден көрініп, кей жерлердеәлі шашылып  жатыр. Бірінші суретте тас диірменнің бір кесек сынығы кездеседі. Жыпырлап шашылған қыш кесектері шынжыр табанды тракторлардың тырмаларымен уатылып, ұсақталып кеткен.  Беті осылай, ал астында небір жәдігерлер қалғаны да ақиқат.

Аяққа басқан топырақ,  бейне бір торқадай жұп жұмсақ. Көтеріліп жатқан  шаң да, үп еткен жел де жоқ.  Қасиетті бабаларымыздың рухы жебеп, ақ мамыққа салып, мейірімге аялап келе жатқандай күй кештім. Не деген іңкәр сезім! Осы ойыма оралған сезімімді Мәкен ағаға айтсам, ол кісі үнсіз жымиды.

Қызыл Аңғар ішіндегі Сарытоғайдағы қала орнынан жүріп, шығыс жағындағы қыратқа шықтық. Бұл төбедегі жазық , көне үйсіннің қорған, үйілген обалары. Биіктен қарағанда шеті шегі көрінбейді. Кеңес үкіметі бұл қорған бейіттерді талқандап тегістеуге құдайдан қорықса керек. Шетсіз мыңдаған қорған жатыр. Осыдан артық қандай дәлел керек? Осының өзі бұл жердің үлкен қала болғанын  айғақтап отыр.

 

Көңілге түйген ойлар легі

Бір күні аралап, көне қала орнынан алған,  көрген әсеріміз  көп болды. Бұл қала орны  туралы Дүйсенбай Сығаевтың жазған зерттеу мақаласын оқыдық. Қайталап жатудың жөні жоқ шығар.

Үйсіннің астанасы Шығу жөнінде біршама  болжамдар бар. Оның бірі  Кегендегі Құмтекейдегі құм басқан орын. Кеген жазығында Үйсін дәуіріне жататын патша қорымы тобына жататын алып обалар көп. Осыған қарап Үйсін билеушілері осы маңайда тұрған деген қортынды жасауға болады. Қарқараның Мыңжылқысындағы Қағанның балбал мүсіні, Кеген жазуы атанған Үйсіннің жазуы, Құмтекейдегі  ұзындығы 2200 м,  ені 1000 м  болып келетін құмды жер-бәрі осының дәлелі.

Құмтекейді Шығу қаласы деген пікірдегілер: ғалым Ғ.Мұсабаев, академик  Қ.Сәтбаев , тарихшы аудармашы Б.Қ.Албани.

Енді біраз адамдардың  Шарын өзенінің оң жағынан табылған көне қала орны Шығу қаласы осында деген пікірлерге қарап, бұл орын туралы біраз тарихшылардың хабардар болғанын білуге болады.  Шығыс зерттеушісі Н.Я.Бичуриннің қытай жазбаларынан түпнұсқадан жасаған аудармасында «Іле бойындағы Үйсін иелігіндегі астанасы» деп жазылған. Саяхатшы Чжан Цянь жазбасында  \ бзб 2 ғасырда\  «Қызыл аңғар қаласы» деп  жазылған екен.

Бұл туралы Матсуда Хисао деген жапон тарихшысы «Үйсіннің Чекух қаласының орны тәңіртаудың оңтүстігі мен солтүстігіндегі ең маңызды сауда жолының үстінде дегенге қосыламын» депті.

Енді Осы үш деректердің де сәйкестігін байқаймыз. Бірінші Іле бойындағы қалаға осы жер келеді. Ілеге құятын Шарын өзенінің бойындағы қала орны Іле өзеніне жобамен 48 шақырымдай ғана жер.

Екінші деректегі «Қызыл аңғар» қаласының  атауы,  Шарынның табиғи релефіне толық келеді. Шарынның қызылды- сарылы түсті шатқалдары оның «қызыл аңғар» деп атауына дөп келіп тұр.

Шарындағы көне қала үшінші деректегі  сауда жолы бойында дегеніне де сай келеді. Сауда жолы ертеден Іле өзенінің оңтүстік жағалауын басты негізге алған.

Енді келесі Қытай жылнамаларында жазылып қалған деректерге келейік.

Үйсін мемлекетінің негізін қалаған Елжау күнбиі біздің заманымыздан бұрынғы 160-104 ж.ж билік жасады. Шығу қаласы ірге көтерді.  Қытай жазбалары арқылы  болған деректерді тізсек:

Елжаудың немересі Жөнші күнби б.з.б 104-93 жж. билік жасады;

Елжаудың немересі Дулудың баласы Оңқай күнби б.з.б 93-60 жж. билік жасады;

Жөншінің баласы Най күнби б.з.б 60- 53 жж.билік жасады.

Осы Най күнби биліктен кеткен соң, Үйсін екіге бөлінеді: Ұлы күнби және Кіші күнби болып.  Елдің ауызбірлігіне осы тұста нұсқан келеді.

Ұлы күнби болып Оңқай күнбидің баласы Янғұй  б.з.б 53-51жж билік жасаса,

Кіші күнби болып Оңқай күнбидің баласы Өжет б.з.б 53-33жж.билік жасады.

Ұлы күнби болып  Янғұй баласы Шын б.з.б 51-33 жж.билік жасады.

Ұлы күнби жері Ыстықкөл, Іле өзенінің бойы,  Кіші күнби жері Жетісу жазығы болған.  Осы екіге бөлінген  екі күнби-  Шын ұлы күнби мен Өжет кіші күнби кезінде Яғни б.з.б 44 жылы, Ғұндардың тәңірқұты Шөже қаңлы елімен бірігіп, шабуыл жасап Үйсіннің Шығу қаласын қиратады. Халқын тонап, халық босып, көптеген қоныстар бос қалады. Б.з.б 36 жылы Шөжеден қауыптенген, хан патшасының батыс өкілі Ган Манчу мен Чин Таң әскерлерімен ғұндарға жорыққа шығады. Үйсіндер осы сәтті пайдаланып шабуылға шығады. Осы соғыста ғұн әскері талқандалып, Шөже тәңірқұты өлтіріледі. Ел іргесі қайта орнығады.

Шығу қаласы жобамен б.з.б 130  жылы ірге көтеріп, нақты  б.з.б 44 жылы қиратылды. Шығу астана ретінде 86 жыл тұрған. Үйсін екі билікке  бөлінген соң 9 жылдан соң қирады. Екі Күнбидің, екі жерде астанасы болатыны ақиқат. Шығу ана жерде, мына жерде  деген  талас сөздерді естіген кезде осы деректерді де ұмытпай назарда ұстаған жөн.

Үйсін мемлекеті біздің заманымыздың 5  ғасырдың соңына дейін дәуірледі. Жан жақтағы елдермен қарым-қатынас жасады. Оған дәлел Солтүстік Қытай императоры Тхай-ву-ди 435 жылы Үйсін мемлекетіне елші жіберген. Өз тарапынан Үйсін мемлекетінің билеушісі де, өз елшілерін сый-сияпаттармен Қытайға жіберген деректері бар. «Н.Бичурин Т-2 1950ж»     Үйсіндер жойылып кетпеді, одан ары Түркеш\Сары Үйсін\ қағанаты, Түрік қағанатына ұласып үлкен ұлыстарға айналды.

Ал Құмтекей жөніне келсек, ол да үлкен орда.  Б.з.б 108 жылдың көкек айында Уди патша Шижун ханшайымды Үйсін күнбиі Елжауға ұзатады. Қызметкер, нөкер, күтуші әтектері, жеке күзеті, тамақшысы т.б қызметкерлермен шамамен 300-дей адамымен ұзатады. Бұдан бұрын ханшаларды ұзатқан кезде қызметкерлерді 30-дан асырмайтын. Шижунды осынша адаммен ұзатуы- оның елден ерекше болғанын аңғартады. Ханшайымға патшаларға арналған самұрық суретті күйме жасалынды. Елден аттанарда қоштасу күйін тарту үшін, алтындалған Ханзу музыкалық аспабы пипаңды Уди патша өз қолымен  Шижунға береді. Астанасы Чаң-аннан шыққан Шижун ханшайымның алтын- күміс, торғын- торқа, киім-кешек, жасау-жиһаз артқан көші  2 шақырымға созылған екен деседі.

Елжау ойлана келе, Шижун ханшайымды Шығу қаласына әкелмей, жақын жерден ханшаға бөлек сарай салып береді. Оған ханша ренжігенімен, Хан патшалығы мойынсыну керек деген ақылдарын жеткізді.

Елжаудың даналығы расында шындыққа айналғанын, кейінгі ханшалардың іс әрекеттерінен көрінді. Қытай ханшалары біріншіден, тыңшылықпен айналысты. Елде болып жатқан барлық саяси, әлеуметтік жағдайларды, әскери қорғаныс салалары бойынша  деректерді жинап, Қытайға жеткізіп отырды. Екіншіден, олар бала туып, оларды патша мұрагерліктеріне ұсынып отырды. Елге ықпалды тұлғаларды дайындады. Үшіншіден, өздерінің балаларының бойына қытайлық салт-дәстүр, салт- сананы қалыптастыруға күш салды. Елжау тегі алыс қытайдан гөрі , туыстас ғұн ханшасынан туған балаларына сенім артты.  Осы Шижун ханшаның сарайы Құмтекей орнында . Осы жердегі қазба кезінде қытайдың сүйегі кезіккені осы ойға жетелейді. Оның үстіне көп уақыт өткен соң, Үйсін жерінде тұрып, үйсіннің тамағын жеп, суын ішіп жүріп, тыңшылық арамдықтарын еркін жасап жүрген қытай ханшаларының  әрекет пыйғылдары көк тәңірінің қаһарына ұшырап, бір түнде құмның астында жұтылуында да заңдылық бар ма деп те ойлауға болады. Өйткені жалпы түркі халқы ат қомында жүрсе де, жан дүниесі таза, ар ілімін алдыға тартқан, адамзаттың мейірім, адамшылық қасиеттерін көкке көтерген ел еді. Сондықтан бақи әлемнен жиі аяндар алып, трансқа түсулері көп болған. Ол жан дүниенің тазалығынан болады. Тәңір қолдаған ел еді. Құмтекейдің құмға жұтылуы да соған келеді. Әйтеуір жұмбақ көп. Біз деректерді салғастыра отырып, бір шешімге келгендейміз.

Шарынның Сарытоғайдағы көне қала орны, барлық жағынан Шығу қаласына келеді. Әбілғазы шежіресінде жазылған Нүкіс пен Қияттың ел болғанына  тән нышандар осы жердің батысында 15 шақырым жерде ғана тұр. Ұлы бабаларымыздың дүбірлеп өткен осы бір қасиетті топырағын басып тұрып, осы ойлар сенімімді бекемдеді.

Нақата Юко деген жапон туркологы «Қазақтар адасқан тарихынан ажырап, не істерін білмей жүрген халық. Қазақтар тарихқа немқұрайлы қараған соң, тілге де солай немқұрайлы қарап жүр. Біздегі үлкен миф «Жапон императоры құдайдан туған» деген миф. Бірақ біз оған тиіспейміз. Өйткені ол рухани матрицамыз. Жапония осымен киелі. Сіздер, қазақтар, тарихқа бей- берекет қарамаңыздар. Тарихи шындық қалпына келсе, тіл де уақыты келе ұлтты ұйыстыратын факторға айналады» деген екен. Қытай елінде арнайы үйсінтанушы 19 ғалым бар екен. Қазақстанда бірде-бір үйсінтанушы ғалымның болмауы, біздің тарихымызға қалай қарайтынымызды көрсетіп отыр. Үлкен ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының  айтқаны бар еді, «Қазақта бес ұлы мемлекет болған: Ғұн мемлекеті, Үйсін мемлекеті, Қаңлы мемлекеті, Керей мемлекеті, Найман мемлекеті. Біз осыны әлі күнге айта алмай жүрміз.  Осымыз ұят.  Әйтседе алдымыздағы күндерге үмітпен, сеніммен қаралық.»

Бір күн бұрын жел күшейіп, қара топырақ шаңның аяғы толассыз жаңбырға ұласты. Ал көне қала орнына арналған сапар кезінде, тек ашық аспан , сәулелі күн жетелеп қана отырды. Ертесі күн қайта бұзылып, бұлттанып, көп жерде жаңбырлы ауа райы сақталды. Бұны да  біздің игі сапарымызды Алланың  қолдағаны деп түсіндік.

 

Пайдаланған әдебиеттер.

  1. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері \ б.з.б 177-222 жылдары 1 том. «Өнер» баспасы,  2006 жыл;
  2. Н.Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы» 1994 жыл;
  3. Д.Сығаев «Үйсін астанасы Шығу қаласы қайда?», «Алатау» газеті 08.2022ж  № 32;
  4. Әділхан Байбатша «Қазақ даласының ежелгі тарихы» 1998ж.
  5. Б.Сәрсенбай «Өлкенің тарихнамасы» 2024ж;
  6. Е.Нүсіпов «Туған жерім, өскен елім» 2007ж.

Сәрсенбай Болат Жапсарбайұлы

 «Ұлттық құндылықтар»

академиясының мүшесі,өлкетанушы

Алматы облысы, Кеген ауданы

Happy
Happy
0 %
Sad
Sad
0 %
Excited
Excited
0 %
Sleepy
Sleepy
0 %
Angry
Angry
0 %
Surprise
Surprise
0 %

Average Rating

5 Star
0%
4 Star
0%
3 Star
0%
2 Star
0%
1 Star
0%

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Предыдущая запись Көне өркениеттің ордасына сапар (жалғасы)
Следующая запись Алғабас ауылынан 2 СЭС салынбақ